Б) Абдуллаһ ибн Омар

Шындыққа жанаспаса да, батыстық шығыс-танушылардың айтуынша, Кағбул-Ахбардың тағы бір шәкірті Абдуллаһ ибн Омар болып табылады.

Хазірет Омардың (р.а.) Абдуррахман, Абдуррахманул-Аусат, Абдуррахманул-Асғар, Абдуллаһ, Зәйдул-Әкбар, Зәйдул-Асғар, Үбәйдуллаһ, Асым мен Ияз атты тоғыз ұлы болған. Бұлардан тек Абдуллаһ ибн Омар ғана «Ибн Омар» яғни нағыз «Омардың ұлы» деп аталған, өйткені Омардың ұлы дегенде еске алдымен сол түсетін.

Сахабаларды белгілі бір өлшемдерге сүйеніп, баға беру біз секілді адамдардың ісі емес, дегенмен Ибн Омардың алдамшы дүниенің қызығына көз салмауы, зүхд, тақуалық, құлшылығын ықыласпен орындауы, сүннетті ұстану тұрғысынан әкесінен асып кетпесе кем түспейтін жағы да жоқ емес. Сүннетке мойынсұнуда ол өзінше бір тереңдікке құлаш ұрған еді. Кез кезген ісін дәл Пайғамбарымыз істегендей жасауға қатты мән беретін. Тіпті мәуласы әрі үлкен имам Мәлик ибн Әнастың ұстазы (Бұл үшеуі Ибн Омар, Нафи мен Имам Мәлик хадис негізі болып табылатын алтын діңгектің бірін құрайды) Нафидың айтуынша, бірде өзімен бірге Арафаттан түсіп келе жатқан Ибн Омар бір жерде сәл кідіріп, әлде бір шұңқырға түсіп шығады. Нафи: «Әй, имам, ол жерде не істедіңіз?» – деп сұрағанда, былай деп жауап береді: «Бірде екі әлем Сардарымен бірге Арафаттан түсіп келе жатқанымда, осы тұсқа келгенде Пайғамбарымыз мына шұңқырда дәрет сындырған еді. Мен де ондай қажеттілік болмаса да, Пайғамбары-мыздың жасағанына сай амал істегім келді».

Расулаллаһ суды үш мәрте демін алып ішкен-діктен, Ибн Омардың төрт мәрте демін алып ішкенін ешкім көрген емес. Сүннетке деген құрметі осыншалықты еді. Сүннетке осыншалықты мұқият қарауын шектен тыс әрекет санап, сол кездің өзінде оны күсталағандар болған. Ал енді айтыңызшы, сүннетке осыншалықты құрметпен қараған адамның Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атынан болмағанды болды деуі мүмкін бе?



Исламның алғашқы кездері дүниеге келіп, әкесі тартқан ауыртпалықтарды көріп өсті. «Бәрі әкеме жабылып, таяққа жығатын. Бір жолы Ас ибн Уаилдің арашалағаны есімде», – деп сол күндерді еске алатын.

Һижрет кезінде он жасқа толар-толмаған жас жеткіншек еді. Бәдірге қатысқысы келіп өзі құралпы балалармен ұзын көріну үшін өкшесін көтеріп тұрса да, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды жорыққа ертіп шықпады. Бойшаң көрінгеніне қарамастан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балалардың жасын арнайы сұрайтын. Ұхұд кезінде де жасы жетпегендіктен жасақтың қатарына алынбады. Сол жолы достары секілді көңілсіз, көзі жасқа толып үйіне қайтты. Таң атқанша ұйықтай алмай дөңбекшіп, «Апыр-ай, Расулаллаһтың жолында соғысатын баһадүр сахабалардың қатарына мені жасаққа неліктен алмады екен? Қандай күнәм бар еді?!» – деп қатты қайғырды. Бір-екі жылдан кейін бұл ойы орындалып, Хандақ соғысына қатысқан еді.

Ибн Халликан «Уафаятул-аян» атты еңбегінде Имам Шағбидан мынадай оқиғаны риуаят еткен: «Бірде жас кездерінде Абдуллаһ ибн Зүбәйр, бауыры Мұсғаб ибн Зүбәйр, Абдулмәлік ибн Мәруан мен Абдуллаһ ибн Омар – бәрі Қағбаның жанында отыр еді. Бір уақытта араларында «Әрбіріміз тап қазір дұға етейікші, бәлкім, қабыл болар» деген ой айтылды. Абдуллаһ ибн Зүбәйр: «Уа, Раббым, ұлылығыңның құрметіне мені Хижазға патша қылуыңды өтінемін», – деп дұға етеді. Мезгілі жеткенде, Ибн Зүбәйр Меккені уақытша басқарып, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аманатын лайықты деңгейде алып жүрді. Ислам дінін жанын сала қорғады, соңында Залым Хажжаж оны шейіт етті. Мүбәрак денесі анасы (хазірет Әбу Бәкірдің қызы) Әсманың (р.а.) көз алдында бірнеше күн асулы тұрды. Бұл өжет әйел Хажжажға барып: «Сен оның бұл дүниесін жалмадың, ол сенің ақыретіңді оңдырмады», – деп ескерткен еді.



Мұсғаб ибн Зүбәйр болса, «Аллаһ тағалам, ұлылығыңның құрметіне, арыш пен күрсіңнің құрметіне Иракқа мені басшы еткеніңді қалаймын», – деген еді. Аллаһ оның да дұғасын қабыл алады. Уақыты жеткенде, ол да Иракты уақытша басқарады.

Абдулмәлік ибн Мәруан: «Раббым, мені бүкіл мұсылмандардың басшысы ете гөр, қарсы келгендерді қатаң жазалап болсын Ислам әлемінің бірлігін сақтап қалуды нәсіп ете гөр!» – деп дұға етеді. Уақыт Абдулмәліктің де дұғасының қабыл болғанын көрсетеді. Ең соңынан Абдуллаһ ибн Омар да дұға етіп: «Аллаһ тағалам, Сенен Жұмақты маған уәжіп қылмайынша жанымды алмауыңды өтінемін», – дейді.

Оқиғаны жеткізуші Имам Шағби: «Үшеуінің де дұғасының қабыл болғанына куә болдық. Имамның дұғасының қабыл болып-болмағандығын ақыретте көреміз», – деген. Шағбидың білетін бір нәрсесі бар еді. Ибн Омар ешқашан әһлі-бәйтке қарсы шығып, әмәуилерге жақтаспаған, әсіресе, Хажжаждың ең көбірек қорқып, аяқ тартатын адамы осы еді. Бір жолы Хажжаж (сірә зұлымдығын жасырғысы келсе керек) құтбасын барынша созып оқиды. Тіпті түскі намаздың шығатын уақыты тақайды. Ибн Омар (р.а.) отырған жерінен «Әй, әмірші, біз сенің құтбаңды тыңдап тұрармыз, уақыт сенің құтпаңды тыңдап тұра бермейді ғой?» – деп дауыстайды. Бұдан кейін Хажжаждың оған деген өшпенділігі өрши түседі. Ақыр соңында, қажылық кезінде біртуар сахабаны шейіт етіп тынды. Жендеттерінің бірін ұшы улы найзамен жұмсады. Ол оның ту сыртынан баспалап келіп Ибн Омардың (р.а.) тобығын жаралады. Осы жара соңында алып тұлғаның шейіт болуына әкеліп соқты.

в) Абдуллаһ ибн Мәсғұд (р.а.)

Көп хадис риуаят еткен сахабалардың бірі Абдул-лаһ ибн Мәсғұд (р.а.) еді. Ибн Мәсғұд – алғашқы сахабалардың бірі. Жас кезінде Әбу Жәһил, Ұқба ибн Әбу Муайт секілді Құрайыштың байларының қойын бағатын. Адамзаттың асылы хазірет Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) танысқаннан бастап, одан бір елі ажырамады. Жақын араласқаны соншалық – Расул-аллаһтың шаңырағына кез келген уақытта еркін кіріп-шығатындықтан, былайғы ел Абдуллаһ ибн Мәсғұдты әһлі-бәйттен (сол шаңырақтың мүшесі) шығар деп ойлайтын, әсіресе, сапарларда Пайғамбарымыздың торсығын, аяқкиімін, төсегін т.б. алып жүретіндіктен صَاحِبَ النَّعْلَيْنِ وَالْمِطْهَرَةِ وَالْوِسَادِ деп аталатын.

Ибн Мәсғұдтың (р.а.) ашық кереметтері бар әулие жан еді. Әлсіз бір риуаяттағы, Меккеде көп қиын-дықтарға душар болған сәтінде аяқ асты жоқ болып кеткенін солардың қатарында айтуға болады. Расулаллаһ оған اِبْنُ أُمِّ عَبْدٍ Ибн Уммуабд (Уммуабдтың баласы) дейтін. Тағы бірде «Кімде-кім Құран кәрімді жаңа түскендей оқығысы келсе, оны Ибн Уммуабдтың қырағатындай етіп оқысын», – деген. Бір жолы Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Құран оқышы, тыңдайын», – дейді. Ибн Мәсғұд: «Құран сізге түсті ғой, мен оны сізге қалай оқимын?» – дегенде, Аллаһ елшісі «Мен Құранды басқадан тыңдағанды ұнатамын», – дейді. Сонда Ибн Мәсғұд «Ниса» сүресін басынан бастап оқи бастайды. «Әр үмбетке бір айғақ келтіріп (пай-ғамбарларымен тірілтіп), сені де оларға куә етіп (сені қабылдап-қабылдамағанын сұрауға) келтірсек қандай болар еді?» деген аятқа жеткенде, Ақиық елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көз шарасы жасқа толып, жүрегі өрекпіп, қолымен «Жеткілікті!» дегендей ишара жасап еді.

Ибн Мәсғұдтың (р.а.) дене бітімі бәлендей сымбатты емес еді. Бірде Пайғамбарымыздың айтуымен бір ағашқа өрмелеп шығады. Мұны сырттай қарап тұрғандар оның аяғының ұсқынсыздығына күлген болатын. Сонда Расулаллаһ: «Оның аяғы ертең ақыреттегі таразыда Ұхұд тауынан да ауыр тартады», – деді.

Хазірет Омар (р.а.) Ибн Масғұдты Куфаға мұғалім ретінде аттандырып, сондағы елге: «Әй, Куфалықтар! Егер сендерді өзімнен артық көрмесем, Ибн Мәсғұдты сендерге жібермес едім», – деп хат жазған еді.

Ибн Мәсғұд (р.а.) хазірет Омардың халифалық кезеңінде Куфада ұстаздық қызмет атқарды. Имам Әбу Ханифаның «Сахабадан несі кем» деген Алқама ибн Қайс, Әсуад ибн Язид ән-Нәхаи мен Ибраһим ибн Язид ән-Нәхаи сынды табиғинның ірі ғалымдары осы Ибн Мәсғұдтың шәкірттері болып саналады, әсіресе әділетті халифалардан да хадис риуаят еткен Алқама ілімнің көбін Ибн Мәсғұдтан (р.а.) алған. Бір жолы тыңдау-шылардың бірі Алқамадан: «Ілімді кімнен алдыңыз?» – деп сұрағанда, ол: «Омар, Осман, Али мен Ибн Мәсғұдтан», – деп жауап берген. Оған сауал қойған кісі осындай жауапты естігенде «Шіркін-ай десеңші!» – деп таңдай қаққан.

Куфа мектебінің негізін қалаған Ибн Мәсғұд (р.а.) хазірет Османның (р.а.) халифалық кезеңінде де біршама уақыт Куфада қызмет атқарды. Кейіннен үстінен негізсіз шағым түсіп, мәселенің мән-жайын анықтау үшін Мәдинаға шақырылды. Қартайған кезі еді. Қайта Куфаға қайтуға құлқы соқпады. Мәдинаға келген кезінде бір кісі Ибн Масғұдтың жанына өкпесі алып-ұшып жүгіріп келіп: «Бүгін түнде түсімде Расулаллаһты көрдім. Қасында сіз отыр екенсіз. Бір кезде сізді өзіне жақындатып: «Менен кейін саған көрсетпегендері қалмады ғой, келші қасыма», – деді. Сіз: «Иә, Расулаллаһ, бұдан кейін Мәдинадан кет-пеймін», – дедіңіз», – деді. Арадан бірнеше күн өткенде, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) медресесінің осы алғашқы әрі алғыр шәкірті, Ислам дінін алғаш құшақ жая қабыл алған бес-алты кісінің бірі болған Ибн Мәсғұд (р.а.) аяқ астынан науқастанып қалады. Ұхұдта, Хандақта және басқа да ел басына күн туған қиын-қыстау кездерде Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанынан бір елі ажырамаған, намаздағы алғашқы (Құдыс) және кейінгі (Мекке) құбылаға да жүзін бұрып, намаз оқыған осынау әйгілі сахаба төсек тартып жатқанда, хазірет Осман (р.а.) халін сұрап келеді. Олардың әңгімесі былайша өрбиді:

–Нені уайымдайсың? Өкінішің бар ма?
– Көп.
– Ол не?
– Күнәларым көп. Аллаһқа мына бетіммен қалай барамын деп уайым жеп жатырмын.
– Қалауың не?
– Аллаһтың рақымын қалаймын.
– Емші алдыртайын ба?
– Мені ауыртқан емшінің Өзі емес пе? Соған қарағанда, сенің емшің маған ештеңе істей алмас».

Сөйтті де артынша Ибн Мәсғұд (р.а.) көз жұмды. Аллаһ елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) 23 жылын бірге өткізген осы сахаба жайлы 800 хадис риуаят етіпті-міс деп тұнық суды лайламақ болған орынсыз сынның түбі неге апарып соқтырарын сіз өзіңіз-ақ таразылай беріңіз.

Біз қысқа ғана әңгімелеп отырған бұл үлкен төрт сахабадан басқа Айша, Әбу Сайыд әл-Хұдри, Жабир ибн Абдуллаһ пен Әнас ибн Малик те көп хадис жеткізген сахабалардың қатарынан. Егжей-тегжейлі тәптіштеп жатпай осы сахабалар жайлы да бірер сөз қозғап, артынан табиғиндарға тоқталып өткенді дұрыс көріп отырмын.

г) Хазірет Айша (р.а.)

Ес білгеннен құтты шаңырақта өсті. Мәдинаға һижрет кезінде Пайғамбарымыздың ақ босағасын аттаған ол өмірінің он жылын Аллаһ елшісімен бірге өткізді. Ақиық елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көбіне Айша анамыздың отауында түнейтіндіктен осы бір өте ақылды, парасатты әрі сұңғыла әйел отбасы жағдайына тән бүкіл ерекшеліктерді Расулаллаһтың тікелей өзінен үйренді, әрі үйренгендерін әйелдерге үйретумен болды. Әйел заты Пайғамбарымыздың мүбәрак жарларының бәріне де қарыздар десек артық айтпаймыз, әсіресе, «Діннің жартысын мына Хұмайрадан үйреніңдер» деп хадисте айтылған Айша анамызға (р.а.) өте-мөте қарыздар екені сөзсіз. Мейлінше алғыр, ижтиһад жасауға қабілетті, естігендерін түпкілікті түсініп алмайынша тынбайтын бұл ардақты анамыздың көп хадис риуаят етуіне күдікпен қарау қисынсыз.

Айша анамыз (р.а.) жайлы ғалымдарымыз терең зерттеу жүргізгендіктен, қалған сөзді солардың өзіне қалдырмақпыз.

д) Әбу Сәид әл­Хұдри (Сағыд ибн Малик)

Өз заманында Мәдинаның ғалымы, ең білімпазы саналған. Әкесі – Ұхұд соғысында шейіт болған ансардың алғашқыларының бірі. Әкеден жетім қалған бұл кедей сахаба Аллаһ елшісін паналаған еді. Әбу Һұрайра секілді күндерін суффада өткізіп, уахимен сусындайтын. Ахметтік ақиқаттың шұғыласына шомылып, нұрына бөленді. Бұл сахаба туралы да алдыңғы сахабаларға қатысты айтқан ескертпемен шектелеміз.

е) Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.)

Әкесі – екінші Ақаба сертіне қатысқан, Ұхұд соғысында шейіт кеткен сахаба Абдуллаһ ибн Амр ибн Харам әл-Ансари.

Екінші Ақаба сертінен кейін әкесі рұқсат етпей, Бәдір мен Ұхұдқа қатыса алмағаны болмаса, басқа шайқастардың бәрінде Аллаһ елшісінің қасынан табылған Жабирдің (р.а.) көп хадис риуаят етуі табиғи емей немене? Бұған таң қалатындай, жатсынып қарайтындай не бар?

Жабир (р.а.) Шам мен Мысырға келгенде, оның үлкен ғалым екенін білген халық Пайғамбарымыздан естіген хадистерін тыңдау үшін қасына жиналатын. Бұған қоса Жабирдің Мәдинада Пайғамбар мешітінде де бір дәріс алқасы бар еді. Амр ибн Динар, Мүжахид пен Ата ибн Әбу Рабах секілді табиғинның ірі имамдары сол кісінің шәкірттерінің кейбірі ғана.

ж) Әнас ибн Малик (р.а.)

Табаны күректей он жыл Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызмет еткен. Алты айда Құран жаттап алуға болатынына қарағанда, он жыл ішінде Әнас ибн Маликтің (р.а.) жиырма шақты Құранға пара-пар хадистерді жадына тоқуы ғажап емес. Ал бүкіл хадистерді қамтыған «Кәнзул-уммал» атты кітапта 46624 хадис қамтылғаны мәлім. Анығында, хадис топтамасын қомақты қылып тұрған «иснад» (хадистердің келу тізбегі) екені белгілі.

Бұл жердегі біздің мақсатымыз – хикая жазу я сахабаны таныту емес. Ниетіміз – хадистерді жаттаған, дінімізді жеткізген ардақты кісілерді жалақорлардан арашалаған жүздеген ақиқатшыл зерттеушілермен бір пікірде екенімізді білдіру. Ең ізгі ниетті жандарды қисынсыз сынның қарша бораған оғынан қорғап, олардан ақыретте шапағат күту. Ниеттің амалдан да қайырлы екені, ал Аллаһтың қамқорлығының шексіз екендігі сөзсіз.


6362070781313214.html
6362098700000240.html
    PR.RU™